Банк ЦентрКредиттің PR және бизнесті дамыту жөніндегі директоры Сәкен Нигмашев Қазақстандағы Бірыңғай QR эквайрингі нарығындағы күш арақатынасын ашық сипаттады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол LinkedIn-дегі жазбасында қазір Банк ЦентрКредит Бірыңғай QR арқылы өтетін эквайринг нарығының 60-70 пайызын бақылап отырғанын мәлімдеді. Қалған екінші деңгейлі банктер жүйеге қосылғанымен, олардың үлесі әзірге төмен. Нигмашев мұны техникалық іске асыру тәсілдерінің әртүрлі болуымен байланыстырған.
Жарияланған мәліметке қарағанда, 2026 жылдың жазында жүйе жаңартылуы керек. Сол жаңартудан кейін өзге банктер де толыққанды қосыла алады деген жоспар бар. Егер солай болса, Бірыңғай QR инфрақұрылымындағы бір банктің басымдығы әлсіреп, нарықтағы тепе-теңдік өзгере бастайды.
Қазір Бірыңғай QR арқылы төлем қабылдайтын кәсіпкер, есепшоты қай банкте тұрғанына қарамастан, іс жүзінде БЦК процессингі арқылы жұмыс істеп отыр. Ал барлық екінші деңгейлі банк толық қосылғаннан кейін мерчантқа әр банкке бөлек терминал ұстамай, бір ғана QR-код жеткілікті болуы мүмкін. Мұның тікелей пайдасы бар: эквайринг шығыны азаяды, төлем қабылдау тетігі жеңілдейді.
Нигмашевтің пайымынша, шағын және орта бизнес үшін мұндай модель тиімді. Себебі кәсіпкерге бір POS-терминалмен жұмыс істеу ыңғайлырақ. Бірақ нарықтағы негізгі сұрақ бизнес жағында ғана тұрған жоқ. Ең маңызды түйін – тұтынушыны не ынталандырады деген мәселе. Оның жауабы қарапайым: адам қай төлемнен көбірек пайда көрсе, соны таңдайды.
Қазір Бірыңғай QR төлемінің әлсіз тұсы да осы жерде көрініп тұр. Көп клиент үшін QR арқылы төлеудің тартымдылығы кэшбэкпен өлшенеді. Әзірге ондай ынталандыру кең ауқымда қалыптаспаған. Банктер соны түсініп отыр және алдағы кезеңде осындай төлемге арналған адалдық бағдарламаларын іске қоса бастайды деген белгі берілген.
Контекст
Осы тұста нарық екі бағытқа бөлінуі мүмкін. Бір топ банк ашық экожүйеге сүйеніп, Бірыңғай QR арқылы жасалған төлемге қай банктің клиенті болса да кэшбэк беруге ұмтылуы ықтимал. Екінші топ жабық модельді таңдап, бонусты тек өз қосымшасы мен өз мерчантына ғана қалдыруы мүмкін.
Екінші жол банкке пайдалы көрінгенімен, клиент үшін ыңғайсыз. Ондай жағдайда адам бірнеше қосымша ұстап, қай жерде қайсысы тиімді екенін жеке қадағалап отыруға мәжбүр болады.
Сондықтан 2026 жылдың жазы QR төлем нарығы үшін жай техникалық жаңарту кезеңі ғана болмайын деп тұр. Негізгі бәсеке функцияның бар-жоғында емес, нақты қаржылық ынталандыруда жүреді.
Қай банк QR төлеміне шынайы кэшбэк ұсынады, қайсысы клиентке ыңғайлырақ шарт береді – шешуші сұрақ сол болмақ. Ал қарапайым банк клиенті үшін қорытынды түсінікті: егер өз банкіңіз Бірыңғай QR төлеміне пайда ұсынбаса, нарықтағы өзге ұсынысқа қарауға себеп көбейеді.
Қазақстанда онлайн саудаға бақылау күшейіп жатыр. 2026 жылдан бастап интернет-платформа операторлары салық органдарымен дерек алмасудың жаңа тәртібімен жұмыс істейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







