Қазақстанда интернет кеңістігінде жалған ақпарат таратуға байланысты жауапкершілік күшейтілді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі кез келген жалған хабарлама, тіпті жай ғана репост жасау да азаматтарды әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, соңғы уақытта интернетте жалған ақпарат тарату фактілері көбейген. Жұртшылық арасында кең таралған қауесеттен бастап, қоғамды дүрліктірген жалған хабарларға дейін мемлекеттік органдардың назарын аударып отыр. Сондықтан қазір цифрлы кеңістік әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі платформалар қатаң бақылауда.
Желіде жалған хабарлама таратқан қолданушыны анықтау қиын емес. Бұған дәлел ретінде жақында Threads желісінде кең таралған жалған ақпаратты айтуға болады. Онда белгісіз қолданушы әскердегі зорлық-зомбылық туралы жазған. Кейін тексеру барысында жазба авторының әскери қызметке еш қатысы жоқ 23 жастағы азамат екені анықталды. Оған қатысты жалған ақпарат тарату мен алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жалған ақпарат дегеніміз не?
Қазақстан заңдары бойынша, жалған ақпаратқа шындыққа сәйкес келмейтін, фактілерді бұрмалайтын немесе оқиға мен адамдар туралы қате түсінік қалыптастыратын кез келген дерек жатады.
Ішкі істер министрлігі ақпаратты тек авторы ғана емес, соны таратқан әрбір адам жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Тіпті қолданушы репостты комментарийсіз немесе «ақпарат тексерілмеген» деп ескертіп таратқанның өзінде бұл жауапкершіліктен босатпайды.
Хабарлама кейін өшірілсе де, қажет жағдайда құқық қорғаушылар оны қалпына келтіріп, дәлел ретінде пайдалана алады.
Айыппұл көлемі қанша?
Жалған ақпарат тарату әкімшілік кодекстің 456-2-бабы бойынша жазаланады. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 20 АЕК, яғни 2026 жылы 86 500 теңге көлемінде бекітілген.
Кәсіпкерлер мен ұйымдар үшін айыппұл мөлшері жоғарырақ белгіленген:
- шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдар – 30 АЕК;
- орта бизнес – 50 АЕК;
- ірі бизнес – 100 АЕК.
Қашан қылмыстық жауапкершілікке тартылады?
Егер қолданушы жалған ақпаратты әдейі таратса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Негізгі фактор қолданушының ақпараттың жалған екенін біле тұра таратуы.
Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша мұндай жағдайларда үлкен көлемдегі айыппұлдар немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Сонымен бірге жалған ақпарат тарату ісі:
- алауыздық тудыру;
- жаппай тәртіпсіздікке шақыру;
- тыйым салынған ақпарат тарату;
- мемлекеттік құпияны жария ету сияқты басқа да баптар бойынша жазалануы ықтимал.
Пікір білдіру мен заңды бұзудың арасы қайда?
Мамандар сөз еркіндігі Қазақстанда сақталатынын, алайда бұл ұстаным жалған ақпарат таратуға жатпайтынын атап өтті. Пікір білдіру мен жалған хабарлама тарату арасындағы шекара мына критерийлер бойынша анықталады:
- ақпараттың рас немесе жалған екені;
- адамның әдейі таратқан немесе таратпағаны;
- ақпараттың таралу ауқымы.
Ertenmedia-ға пікір білдірген сарапшы Айбар Олжай азаматтарға кез келген ақпаратты таратарда абай болуға шақырып отыр. Басты ұсыныстардың қатарында ресми дереккөздерді пайдалану, хабарламаны бірден бірнеше дереккөзбен салыстыру, жарияланған күнін тексеру, эмоцияға беріліп, күмәнді материалдарды бөлісуден бас тарту бар.
Қаржы мониторингі агенттігі интернет кеңістігіндегі бақылауды одан әрі күшейту жоспарланғанын хабарлады. Алдағы уақытта желілер мен мессенджерлерде жалған ақпаратты таратуға қатысты бақылау күшейтіледі. Қажет болса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, желідегі парақшалар бұғатталуы мүмкін.
Айтқандай, бұған дейін «қазақстандықтар жиі елемейтін ережелер» туралы жазғанбыз. Қандай әрекеттер үшін айыппұл салынады? Толығырақ осы тұстан оқыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

