Ең төменгі жалақыны өсіру халыққа пайдалы шешім секілді көрінеді. Алайда оның ар жағында баға қысымы, жұмыс орнының қысқаруы және шағын бизнестің тынысының тарылуы қатар жүруі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономист Олжас Байділдинов Қазақстанда ең төменгі жалақыны күрт көтеру мәселесіне сақ қарауға шақырды. Оның пайымынша, мұндай қадамның саяси тартымдылығы күшті болғанымен, экономикалық салдары ауыр соғуы ғажап емес. Сарапшы сөзін Түркия тәжірибесімен бекітті. Соңғы жылдары аталған елде ең төменгі жалақы бірнеше есе көтерілді, бірақ соның ізімен нарықтағы қысым да үдей түскен.
Түркиядағы өсім қалай соққыға айналды
Байділдиновтің айтуынша, Түркияда 2022 жылдан бері ең төменгі жалақы шамамен бес есеге жуық өсіп, 6,5 мың лирадан 33 мың лираға дейін жеткен. Теңгеге шаққанда, қолына тиетін сома шамамен 300 мың теңгенің айналасы.
Сырт көзге тартымды көрінетін осындай өсім нарықта мүлде басқа көрініс берген. Кәсіп иелері жалақы қоры ауырлаған соң қызметкер санын қысқартуға көшкен. Баға жыл сайын қайта жазылып, шығын тізбегі бір буыннан екіншісіне жылжи берген.
Экономист осы үдерісті күнделікті тіршілік мысалымен түсіндірді. Оның сөзінше, супермаркет кассирге көбірек төлеуге мәжбүр болса, бағаны көтереді. Жеткізуші жүргізуші мен жүк тиеушінің еңбекақысын өсірсе, өз тарифін қымбаттатады. Коммуналдық қызмет те шығынды тұтынушыға артады. Соның ақыры шексіз баға спираліне ұласады.
Көзге көрінетін өзгеріс: күзет азайды, касса сиреді
Байділдинов Түркиядағы ахуалды жалаң цифрмен емес, тірі көрініспен сипаттайды. Оның байқауынша, Ыстанбұлдағы тұрғын үй кешендерінде күзет саны екі есеге жуық қысқарған. Ал супермаркеттерде бұрын екі касса қатар істесе, қазір біреуі ғана жұмыс істеп тұрған жағдай жиілеген.
Яғни еңбек ақы өскенімен, соған лайық жұмыс орны сақталып қалмайды. Бизнес шығынды азайтудың ең жеңіл жолын таңдайды. Ол адам санын қысқарту.
Көлеңкеге кету де оңай емес
Түркиядағы тағы бір ерекшелік заңсыз еңбекке қатаң бақылау. Сарапшының айтуынша, бейресми жұмысқа адам алған жұмыс берушіге 2 мың доллардан асатын айыппұл салынуы мүмкін. Ал заңсыз жүрген шетелдік жұмысшы шамамен 1 мың доллар көлемінде жаза арқалайды.
Сондықтан шығын көбейген кәсіпкердің көлеңкелі нарыққа қашып құтылуы да қиын. Демек, қысым тікелей бизнеске түседі, ал оның салмағы кейін бағаға, жұмыс орнына, қызмет сапасына көшеді.
Қазақстан неге алдын ала ойлануы керек
Байділдинов ең төменгі жалақыны арттыруға түбегейлі қарсы емес. Бірақ ол Үкімет алдымен бірнеше өзекті сұраққа нақты жауап беруі керек деп санайды.
- Шағын бизнес шығынның өсуіне дайын ба?
- Қанша жұмыс орны тәуекел аймағына түседі?
- Инфляция қаншалық үдейді?
- Мемлекет заңсыз еңбекпен шынымен күресе ала ма?
- Кәсіпкерлерге түсетін салмақты азайту үшін бюджет салықты төмендетуге бара ма?
Экономистің ойынша, осындай сұрақтарға жауап болмайынша, ең төменгі жалақыны күрт көтеру популистік шешімге ұқсап кетуі мүмкін.
ҚҚС-ті төмендеткен Түркия да бағаны тежей алмады
Сарапшы Анкара билігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша қосылған құн салығын 1 пайызға дейін түсіргенін де еске салды. Мұның мақсаты бағаның өршуін тежеу. Бірақ жалақының шапшаң өсуі нарыққа әлдеқайда күшті әсер еткен.
Осы тұста Байділдинов Қазақстандағы тағы бір жайтқа назар аудартты. Оның сөзінше, айлық есептік көрсеткіш жыл сайын шамамен 7 пайызға өсіп отырады және ол бағаға бірден қатты әсер ете қоймайды. Ал ең төменгі жалақының күрт өсуі нарықта сол мезетте сезіледі.
Халықтың табысы артсын деген тілек түсінікті. Бірақ экономикада әр шешімнің көлеңкесі қатар жүреді. Түркия мысалы соны аңғартып отыр. Табыс демекші, Қаржымин осы айдан бастап тұрғындардың мобильді аударымдарын қатаң бақылауға көшті. Банктер министрлікке тиісті деректерді жолдап жіберген екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







