Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек заңсыз берілген жерлер туралы айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың сөзінше, Алматының тауларына дейін жекеменшікке өтіп кеткен.
«2018 жылдан бастап Бауыржан Байбектің, Бақытжан Сағынтаевтың, Болат Назарбаевтың, Дариға Назарбаеваның, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңындағы барлық шенеуніктің заңсыз берілген жерлерін әшкереледім. Парламентке дейін тексерістерді аштым. Ол кезде өкілеттілік, депутаттық мандат жоқ. «Жер аманаты» республикалық комиссиясы да жоқ. Жер саласындағы сарапшы заңгер ретінде тексердім. Себебі бұл менің елім. Бұл елде менің балам өмір сүреді. Ол жемқор шенеуніктер ұқсап чемоданына ақшаны жинап-жинап тайып тұрмайды. Бұл мемлекетті көтереді. Сөйтіп тәуекелге бел буған адаммын», — деді ол Abay Live-қа берген сұхбатында.
Бақытжан Базарбек ашық тексеріс жүргізгені, оны айтқаны үшін қоқан-лоқы жасайтындар барын жоққа шығармады.
«Мені де үркітті, қорқытты. Тіпті үйімнің алдында бесікарбаны жағып жіберген. Басыңды қырқып кетеміз деген қорқыту-үркіту жиі аламыз», — деді ол Abay Live-қа берген сұхбатында.
Депутат әлі қанша жер заңсыз берілгені белгісіз екенін де мәлімдеді.
«10 миллион гектар қайтардық. Бірақ жемқор шенеуніктер қанша жерді беріп жібергенін білмейміз. 20 миллион ба, 30 миллион ба, санақ жоқ. «, — депутат Abay Live-қа берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізілетін түзетулерде лоббистік нормалар бар екенін мәлімдеді.
«Жер қойнауы туралы кодекс талқыланғанда, бір адамға 200 блокқа дейін ресімделетін лоббистік норма қабылданды. Бір блок шамамен 2 шақырым аумақты қамтиды. Сонда жер қойнауын пайдаланушы бір адам 200 блокқа дейін иелене алады деген сөз. Бұл — пайдалы қазбаларды барлау, өндіру. Кім бірінші жетсе, бар байлық сол адамдікі. Ол осы блоктарды пайдалана ма, жоқ па, бірақ барлық аумақ соның иелігінде болады. Заң жобасы бұған кедергі келтіреді деп ойлап едім, бірақ сіздер «200 блокқа» дейін деп қайта қалдырдыңыздар. Неліктен бұл шекті норманы алып тастауға болмайды, сіздерді не ұстайды? Ең болмағанда 50 блокқа дейін қысқартуға не кедергі?» – деді депутат түзетулерді талқылау кезінде.
Бақытжан Базарбек Мәжіліс деңгейінде де, қоғамда да жер мәселесін, осы саладағы заңсыздықтарды көтеріп жүр.