Халықтың табысын арттыру туралы мемлекеттік бағдарламалар жыл сайын жаңартылып, қайта қабылданып жатқанымен, нақты нәтиже жоқ. Танымал экономист Айдархан Құсайынов LS басылымына берген сұхбатында осы мәселенің себебін үкіметтің «қате бағыттағы тәсілімен» байланыстырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының пікірінше, ел экономикасын дамытуға бағытталған бағдарламалар мен түрлі шаралар бірнеше мәрте қолға алынған. Бірақ олардың негізгі кемшілігі құрылымдық өзгерістердің жоқтығында.
«Осындай бағдарламаны бұған дейін бірнеше рет қабылдап көрді. Әр жолы жаңартылып, өзгертіліп қайта шықты. Бірақ нақты нәтиже көрінген емес. Неге? Өйткені, құрылымдық реформа болмайынша, ескі тәсілмен халықтың табысын көтереміз деу бос әуре. Бір жолмен жеті-сегіз рет жүріп өтіп, басқа нәтиже күту қисынсыз. Бектенов? Қазір үкіметтің ұсынып отырған салық саясаты экономикалық реформа емес, тек бюджетті қайта бөлісу. Меніңше, бұл дұрыс жол емес», – деді Айдархан Құсайынов.
Тариф пен мемлекеттік қатысу мәселесі
Экономист үкіметтің нақты әрекетке келгенде «тартынып, тоқтап қалатынын» ашық айтты. Оның сөзінше, Қазақстандағы баға мен тарифтерді теңестіру сияқты маңызды қадамдар орта жолда тоқтап қалады.
«Мәселен, тариф мәселесі. Бастап көрді де, артынша қорқып, тоқтап қалды. Бұл ғана емес, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтамыз деген әңгіме 10 жылдан бері айтылып келеді. Бірақ шын мәнінде әлгі үлес тек артып барады», – деп сынады ол.
Голланд ауруы: теңгенің күші экономиканың әлсіздігі
Айдархан Құсайыновтың айтуынша, қазіргі экономиканың негізгі дерті «голланд ауруы». Бұл шикізат ақшасының экономикаға шамадан тыс енуі және ұлттық валютаның тым күшеюі.
«Шикізат ақшасының көбеюі теңгені тым нығайтып, өндірістің бәрін тиімсіз етеді. Басқа елдерде валюта әдейі әлсіз ұсталады, бұл ма, бұл экспортқа бағытталған өндірісті қолдаудың амалы. Ал бізде күшті теңге өндірісті тиімсіз қылып, бизнесті тек қызмет көрсету саласына ығыстырып жатыр», – деп түсіндірді экономист.
Қызмет көрсету экономикасы халықты байытпайды
Сарапшының сөзінше, өндіріс орнына қызмет көрсету саласына (сауда, жылжымайтын мүлік, көлік) көшу халықтың табысын көтермейді, керісінше, инфляцияға жол ашады.
«Қызмет көрсету саласында жалақы экономикадағы негізгі шығынға айналады. Халық табысын өсірген сайын қызметтің бағасы да өсе береді. Демек, халықтың табысын көтереміз деген әрекет инфляцияға ұласады. Нәтижесінде, халықтың табысы өскенімен, сатып алу қабілеті артпайды. Мұндай экономикада табыстың шынайы өсуі мүмкін емес», – деп түйіндеді ол.
Өндіріссіз өсу болмайды
Экономист елдің экономикалық өсуі мен халық табысының нақты көтерілуі тек өндірістік экономикада ғана мүмкін екеніне сенімді.
«Теңгенің күші өндірісті тиімсіз ететін болса, халықтың жағдайын жақсартуға еш мүмкіндік жоқ. Өндіріс жоқ жерде халықтың табысы өспейді», – деді ол.
Айдархан Құсайыновтың бағалауынша, қазір теңгенің күшеюі уақытша құбылыс. «Қазіргі бағам маусымдық факторлар мен мұнай бағасының әсерінен уақытша күшейді. Бірақ күзге қарай ұлттық валюта қайта әлсірейді деп күтемін. USD/KZT бағамы қайта 450-ден 520-ға қарай жылжығанда, нарықтағы эмоционалды реакция қатты байқалады», – деп ескертті ол.
Құсайынов үкіметтің қазіргі экономикалық тәсілдерін түбегейлі өзгерту керектігін айтты. Құрылымдық реформаларға нақты бет бұрмайынша, халықтың табысы тек қағаз жүзінде ғана өсіп қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







