Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Ресейге қандай шарт қойып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Minval басылымы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әлиевтің айтуынша, 27 желтоқсанда Әзербайжан тарапы өз талаптарын ресми түрде Ресейге тапсырған.
«Бұл талаптардың мәні неде? Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек. Екіншіден, өз кінәсін мойындауы керек. Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушыларға және экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек. Бұл — біздің шарттарымыз. Олардың біріншісі кеше орындалды. Біздің қалған шарттарымыз да орындалады деп үміттенемін», — деді Әзербайжан президенті.
Ол бұл шарттардың барлығы әділ екенін мәлімдеді.
«Бұл жерде артық ештеңе жоқ, бәрі халықаралық тәжірибеге және адамгершілік қағидаларына негізделген. Тағы да қайталаймын, Әзербайжан жұртшылығына бұл істің барлық анық-қанығы хабарланады. Бұл шарттар сіздер арқылы көпшілікке жетеді. Тағы да қайталаймын, біздің шарттарымыз қабылданады деп үміттенемін», — деп түйіндеді Әзербайжан президенті.
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.