Киев Астананы елдегі мұнай өңдеу зауыттарын қайта қалпына келтіруге шақырып отыр. Мұнда қазақ шикізаті өңделіп, дайын өнім Батыс елдеріне экспортталмақ. Бұл туралы Украинаның еліміздегі елшісі Виктор Майко мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
The Times of Central Asia-мен пікірлескен украин дипломаты Киев Қазақстанмен энергі саладағы әріптестікті тереңдетуге өте-мөте мүдделі екенін жеткізді. Әсіресе, өз аумағы арқылы қазақ мұнайын ресейсіз бағытпен тасымалдауды қолдайды.
«Қазақстан 2024 жылы Еуропаға жеткен мұнайдың 11,5 пайызын қамтамасыз етті. Сұраныс әлі өсіп жатыр. Қазір Ақтау және Құрық портында танкерлік флотты кеңейту жұмысы жүруде. Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан, Баку – Супса және Транс-Адриатика құбырының бағыты перспективалы», – деді елші.
Оның айтуынша, Украина Қазақстанға мұнай-газ саласында терең бұрғылау (6 шақырымнан терең) және кеме жасау бойынша да әріптестік ұсынады. Мысалы, Қазтеңізфлоттың Николаев қаласындағы украиналық кеме зауытымен бірлесіп жұмыс істеуі флотты жөндеу мен жаңалауға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстанға дұшпан емеспіз…
Қара теңізде қазақ мұнайы тиелген танкерлерге жасалған шабуылға қатысты Майко былай деді:
«Украина ешқашан қазақ экономикасына немесе инфрақұрылымына бағытталған әрекетке бармаған, бармайды да. Астана украин күштерінің нысанасы болған емес. Зеленский? Бұл елдің саяси және әскери басшылығының ұстанымы».
Украина елшісі Ресеймен соғыс осы жылы аяқталарына сенімді. Оның пікірінше, «тіпті Кремль де тоқтайтын жерін біледі».
Киев Қазақстанмен пайдалы қазбалар саласында да әріптестікті күшейтуге ниетті. Елшінің айтуынша, бұрын ескі технологиямен тиімсіз деп жабылған кен орындарынан украин мамандары жүздеген мың тонна мұнай шығарған. Осы сәтті тәжірибені Қазақстанда қолдануға болады деп санайды дипломат.
Орта дәлізге көзі түскен Киев
Сонымен бірге, Виктор Майко «Орта дәліз» (Транскаспий бағыты) жобасына да тоқталды. Бағыт Ресей арқылы логистика бұзылғаннан кейін маңызды баламаға айналған. Бірақ дәл қазір Румыния, Бұлғария, Түркия, Грузия мен Әзірбайжан арқылы өтетін мультимодалды маршрут тым ұзақ әрі қымбат.
«20 тонналық жүкті Алматыға жеткізу құны 11-15 мың долларды құрайды және шамамен бір айға созылады. Негізгі қиындық Каспийдің паром өткелдеріндегі логистикалық кедергі», – деді елші. Осы мәселені шешу үшін Киев өз порттарын Орта дәліз инфрақұрылымына қосуды ұсынып отыр. Қазірдің өзінде Белгород-Днестровский портын қосу бойынша келіссөз жүргізілген.
«Орта дәліз сауда айналымын арттырып, Қазақстанның аймақтағы транзиттік рөлін нығайтатын маңызды құрал», – деді Майко. Сонымен қатар елші агроөнеркәсіп, өнеркәсіптік кооперация, энергетика және IT саласындағы әріптестікті де әлуетті деп бағалады.
Алыс-беріс ше?
Алыс-беріс туралы сөз қозғаған елші, егер соғыс болмағанда екі елдің арасындағы сауда айналымы 10 миллиард долларға жетуі мүмкін еді деген пікірде.
«Тоқаев? Астана аймақтағы экономикалық көшбасшы. Оның жалпы ішкі өнімі 300 млрд доллардан асады және алдағы 5–10 жылда G20 қатарына кіруге мүмкіндігі зор. Байланысты нығайту үлкен мүмкіндік қана емес, қазіргі жағдай талап етіп отырған қажеттілік», – деп түйіндеді дипломат.
Оның айтуынша, биыл Қазақстанға ірі украиналық бизнес-делегация келеді және Киев екі ел арасындағы үкіметаралық комиссия отырысын өткізіп, көлденең кедергіні шешуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін президент Тоқаев Қазақстанның соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіруге дайын екенін жеткізген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

